ТАРМПИ РЕКТОРЫ ИНСТИТУТТЫҢ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖАРИЯЛАДЫ (TARSPI_MEDIA) // РЕКТОР ТАРГПИ ИЗЛОЖИЛА ПРОГРАММУ РАЗВИТИЯ ИНСТИТУТА (TARSPI_MEDIA) // ТАРМПИ СТУДЕНТТЕРІ «БАСТАПҚЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ» МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША ӨТКЕН IX РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАСЫНДА 2-ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ (TARSPI_MEDIA) // СТУДЕНТЫ ТАРГПИ ЗАНЯЛИ 2-ОЕ МЕСТО В ІХ РЕСПУБЛИКАНСКОЙ ПРЕДМЕТНОЙ ОЛИМПИАДЕ ПО СПЕЦИАЛЬНОСТИ «НАЧАЛЬНАЯ ВОЕННАЯ ПОДГОТОВКА» (TARSPI_MEDIA) // ТАРМПИ-ДА «БАЛАЛАР УНИВЕРСИТЕТІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ОҚЫТУ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ (TARSPI_MEDIA) // В ТАРГПИ ПРОШЕЛ ОБУЧАЮЩИЙ ФЕСТИВАЛЬ В РАМКАХ ПРОЕКТА «ДЕТСКИЙ УНИВЕРСИТЕТ» (TARSPI_MEDIA) // ТАРМПИ-ДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ (TARSPI_MEDIA) // В ТАРГПИ ОТКРЫТ ЦЕНТР ПЕДАГОГИЧЕСКОГО МАСТЕРСТВА (TARSPI_MEDIA)



Институт туралы

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының миссиясы – жоғары білікті маман - жалпы елге және аймаққа қажетті жаңа тұрпатты мұғалім дайындау. Институт мемлекеттің білім беру саласындағы стратегиялық мақсаттарына сәйкес білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды басты мақсат тұтады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және 12 жылдық білім беруге көшуді жүзеге асыру барысында мұғалімдерге жүктеліп отырған жауапкершілік арта түсті. Бұл білім берудің барлық деңгейлерінде оқытудың мүлдем жаңа сапасын жүзеге асыруды талап етеді. Қазіргі білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуде мұғалім аса маңызды стратегиялық рөл атқарады. Елімізде білім беру жүйесін жаңартудың қазіргі кезеңі жоғары педагогикалық білім беру маңызының артуымен сипатталады. Қазақстандағы білім беру реформаларының тиімділігі, ең алдымен мұғалім тұлғасына, педагог маман дайындау сапасына тәуелді болатыны белгілі.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты 2012 жылы білім беру сапасын қамтамасыздандыру жөніндегі Тәуелсіз Қазақстандық Агенттігінде аккредитацияны табысты өтті және 2012 жылғы 27-желтоқсандағы шешімімен институционалдық аккредитациясы туралы куәлік алды.

Институт ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, беделді ғалым, ЖОО жүйесінде тәжірибесі мол басшы Қожамжарова Дария Пернешқызы және ТарМПИ ұжымы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық бастамаларына үн қосып, жоғары білім беру жүйесін жаңғырту ісіне белсене кірісті. Осыған байланысты институт Ғылыми кеңесі ТарМПИ-дің 2011-2020 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарын бекітті. Аталған құжатта жаңа білім беру технологияларын әзірлеу және ендіру мәселелеріне баса назар аударылған.

Білім сапасын бағалаудың қазақстандық Тәуелсіз агенттігінің қорытындысы бойынша ТарМПИ 2012 жылғы еліміздегі ең үздік төрт педагогикалық ЖОО қатарына енді.

2010 жылғы 17-қыркүйекте институтымыз қазақстандық 30 оқу орнының қатарында Болоньяда Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Осы арқылы институт өзінің Болон үдерісінің негізгі ұстанымдары: академиялық ұтқырлықты, ЖОО дербестігін, академиялық еркіндікті, білім мен ғылым интеграциясын және т.б. қолдайтындығын танытты.

Елбасы айқындаған еліміздегі білім беру жүйесін интернационализациялау саясатының сәтті жүргізілуінің нәтижесінде халықаралық академиялық ұтқырлық аясында еуропалық ЖОО-на студенттерді оқуға жіберу мүмкіндігі туындады. Осы оқу семестрінде ТарМПИ-де конкурстық іріктеуден өткен 7 үздік студент Чехияның, Польшаның, Болгарияның жоғары оқу орындарына жіберілді.

Институтта жүргізілетін зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықаралық деңгейдегі ғылыми тенденцияларға сәйкестендіру мақсатында ТарМПИ алыс және жақын шет елдердің 28 университеті мен зерттеу орталықтарымен әріптестік байланыс орнатып, жоғары білікті мамандарымен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Олардың қатарында Адам Мицкевич атындағы университет, Вроцлав және Зеленогурск университеттері (Польша), Злин университеті (Чехия), Ақсарай университеті (Түркия), Еркін Берлин университетінің Түркология институты (Германия), Сегед университеті (Венгрия), Бериа колледжі (АҚШ), Әулие Климент Охридский атындағы София университеті (Болгария), Зволендегі технологиялық университет (Словакия), Хобд мемлекеттік университеті (Монғолия), Санкт-Петербург мемлекеттік психология және әлеуметтік жұмыстар институты, Ульяновск мемлекеттік университеті, Кузбасс мемлекеттік педагогикалық академиясы (Ресей) бар.

Оқу үдерісін демократияландыру бағытында кредиттік оқыту технологиясы жүйесін жоспарлау мен ұйымдастырудың жаңашыл әдістерін қолдану, Дублин дескрипторларына сәйкес модульдік білім беру бағдарламаларын дайындау, көптілді білім беруді жетілдіру сияқты ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Академиялық еркіндікті дамыту бағытында білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұны таңдау пәндерімен толықтырылып отырады. Тілдерді меңгеруге, электронды оқытуға, инклюзивті білім беруге және 12 жылдық мектепке арналған маман даярлауға баса мән берілетін жаңа элективті пәндер оқу үдерісіне кеңінен енгізілуде.

Элективті пәндер жұмыс берушілердің және еңбек нарығы сұраныстарын талдау негізінде дайындалады. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасындағы тапсырмасына сәйкес 2012-2013 оқу жылы қабылданған студенттерге «Өлкетану», «Акмеология негіздері» және «Қазақстан құқығы» пәндері жүргізіледі.

Заман талабына сай студенттердің оқытушыларды таңдау мүмкіндігін ескере отырып, білім берудің дәстүрлі әдістерінен инновациялық технологиялар мен оқытудың интерактивті әдістерін қолдана бастады.

Қазіргі кезде институт ұжымы білім сапасын бағалаудың Тәуелсіз Қазақстандық агентігінде институционалдық аккредитацияның екінші кезеңінен өтуде. ISO 9001:2008 стандарты бойынша француздық АФФНОР  агентігінің сертификатын иеленді. Оқытушылар мен студенттердің ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу деңгейі күн санап өсумен  қатар, оқу үдерісіне қашықтықтан оқыту технологиялары енгізілуде.

ҚР Білім және ғылым министрлігі бұйрықтарына сәйкес үстіміздегі жылы көптілді білім беруді дамыту аясында институт “5В011400-Тарих”, “5В011100-Информатика” мамандықтары бойынша арнайы бөлімдер ашылатын ЖОО-ның тізіміне енгізілді. Осы арқылы шетелдік серіктес оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселесі өз жалғасын тапты.

Еліміздің алдыңғы қатарлы педагогикалық ЖОО - Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында 29 бакалавр мамандығы бойынша болашақ мұғалімдер дайындау,   білім беру, тәрбие жұмыстарын 26 кафедрада 365 оқытушы іске асырады, олардың 149-ы ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, 95-і магистрлер. 2010 жылы институт жанынан ашылған Инновациялық-педагогикалық колледж 2011 жылы Жамбыл облысы әкімінің шешімімен Мәдениет және өнер колледжі болып қайта құрылды. Аймақтың мәдениет және өнер салаларындағы білікті мамандарға сұранысы колледж бейінінің өзгеруіне әкелді. Қазіргі уақытта колледжде 6 мамандық бойынша мамандар даярланып,  700-ден аса студент білім алуда.

Ректораттың маман даярлау саясатындағы ұстанымы – іргелі және қолданбалы ғылымның өзекті мәселелері, оның ішінде 12 жылдық білім беру, педагогика, математика, физика, биология, химия, психология, филология салалары бойынша және арнайы құрылған ғылыми орталықтарында ғылыми-зерттеу бағытын жандандыратын жоғары білікті оқытушылар құрамын қалыптастыру. Институтта «Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Хабаршысы» ғылыми-педагогикалық журналы жарық көреді.

Жалпы педагогикалық ғылым жетістіктері мен мектеп тәжірибесінің бірлігінсіз педагогтардың сапалы дайындығын жүзеге асырудың мүмкін еместігі анық. Институттың ғылыми-зерттеу бағыты осы келелі мәселені шешуге негізделген. Осыған орай ауыл мектептеріне оқу-әдістемелік және ғылыми-кеңестік көмек көрсететін «ТарМПИ – ауыл мектебіне» атты кешенді бағдарламасы жүзеге асырылады.

Институт 2012 жылғы 15-наурызда ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуден табысты өтті. Бұл біздің ғалымдардың ҚР БҒМ-нің Ғылым комитеті қаржыландырылатын байқауларға қатысуына жол ашты. Қазіргі таңда профессор М.Мұратбеков, доценттер А.Ибрашева және А.Мәжібаев республикалық гранттық қаржыландыру негізінде ғылыми-зерттеу жобалары аясында зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Оқу ордамызда қалыптасқан жаңа дәстүр ретінде алдыңғы қатарлы шет елдік ғалымдарды «қонақтық» дәрістер оқуға шақыруды айтуға болады. Соңғы екі жылда институт өз қаражаты есебінен циклді дәрістер оқу үшін Сегед университетінен (Венгрия), Еркін Берлин университетінен (Германия), Әулие Климент Охридский атындағы София университетінен (Болгария), Ресей Федерациясының ірі ЖОО-нан ғалымдар шақырды.

Институт Қазақстанның барлық аймақтарында білім, ғылым, өнер, спорт және мемлекеттік қызмет пен бизнес саласында табысты еңбек етіп жүрген 30 мыңға жуық мамандарды дайындады. Олардың ішінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Махметғали Сарыбеков,  Қазақстан мұғалімдері арасында «Еңбек Ері» атағының тұңғыш иегері Аягүл Миразова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исимбаева, психология ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Оспан Сангилбаев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов, ТарМПИ ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Талант Бөлеевтерді атауға болады. Бір ғана Тараз қаласында жалпы білім беретін 54 мектептің 30-да біздің институт түлектері директор қызметін атқаруда. Мектепке дейінгі балалар мекемелері басшыларының арасында да ТарМПИ-дің түлектері көп.

Бүгінгі таңда ТарМПИ – студенттерінің оқу үдерісін, тұрмыс-тіршілігі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру жағдайында инфрақұрылымы дамыған жоғары оқу орны. Заманауи зертханалармен, лингафонды кабинеттермен, компьютерлік және интернет дәрісханаларымен, интерактивті тақтамен, электронды оқу залдарымен жабдықталған 8 оқу ғимаратында 29 бакалавриат  мамандығы бойынша 7 мыңға жуық студент білім алады.

Заманауи оптоталшықты байланыс жүйелерінің көмегімен ТарМПИ-дің студенттері мен оқытушыларына Интернет кластарда, кафедралар мен электронды оқу залдарында жоғары жылдамдықты Интернетті тегін пайдалану мүмкіндігі бар.

Институттың ғылыми кітапханасының әмбебап кітап қоры үнемі толықтырылып отырады. Ғылыми кітапханада автоматтандырылған КАБИС жүйесін, Республикалық электронды кітапханасын, Springer, Web Knowledge, Thomson Reuters мәліметтер базасын пайдалануға болады.

460 орынды «Студенттер үйінде» оқу залы, Интернет класс, сұлулық салоны, тренажер залы, «Жан сыры», «Айша бибі», «Бәйтерек» клубтары жұмыс істейді. 6 жабық спорт залы мен 2 ашық спорт кешенінде институтымыздың студенттері спорт түрлерімен шұғылданады, олардың қатарында халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде танылған көптеген студенттеріміз бар.

Институтта 19 компьютерлік класс, оның ішінде 5 интернет класс, 2 электронды оқу залы бар, 15 аудитория интерактивті тақта проекторларымен, 1 лингофонды кабинет жабдықталған.

ЖОО барлық құрылымдық бөлімдері корпоративтік компьютерлік желі арқылы байланыстырылған. Институттың  Web-сайттары бар:  http://www.tarmpi.kz, http://www.tarmpi-innovation.kz, http://ecat.tarmpi.kz, http://bibl.tarmpi.kz, http://e-islam.tarmpi.kz, http://portal.tarmpi.kz, http://itb.tarmpi.kz.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының қабырғасында көптеген танымал қоғам қайраткерлерінің, талантты  өнер жұлдыздарының, спорт саңлақтарының  легі дайындалды. Олардың қатарында республикалық «Жігер» байқауының лауреаты Д.Өмірәлиев, Мальтада өткен эстрадалық әндерден халықаралық байқаудың лауреаты Т.Әшімбекова, қазақ эстрадасының жұлдыздары Д.Таңатаров, Қ.Маханов, «Жас толқын» республикалық орындаушылар байқауының лауреаты Д.Маханбаева, «Жас қанат» республикалық байқауының лауреаты Б.Сейдуалиева және т.б. бар.

Институттың оқу-тәрбие бағыты бойынша болашақ педагогтардың рухани, адамгершілік қырларын дамыту мәселесіне де жете көңіл бөлінеді. Студенттер парламенті, жастар ісі жөніндегі комитет, студенттердің кәсіподақ комитеті, студенттердің заң бұзушылық және жемқорлықтың алдын-алу кеңесі, «Жас Отан» жастар қанаты, ТарМПИ студенттер Альянсы, «Шаңырақ» студенттік ассамблеясы - студенттердің өзін-өзі басқару істері тәрбие саласындағы жұмыс механизмінің жанды көрінісі болып табылады.


Жарты ғасырға жуық тарихы бар институт дамуының перспективалары нақты айқындалды. Алдымызда бірқатар мамандықтардың халықаралық аккредитациясын жүзеге асыру, олардың реестрін кеңейту, оқу үдерісінде жаңа ақпараттық және педагогикалық технологияларды кеңінен қолдану, педагог мәртебесін көтеру, студенттердің білім алуы мен Студенттер үйінде тұруына қолайлы жағдай жасау, институттың материалдық-техникалық базасын нығайту сынды келелі жұмыстар күтуде.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты өзінің 45 жылдық мерейтойын тойлай отырып, заман талабымен үндескен кемел мақсаттар мен міндеттерді көздейді: өмірлік жетістіктерге қол жеткізуге және ҚР Президентінің бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған белсенді, бәсекеге қабілетті креативті мамандар даярлайтын инновациялық жоғары орнына айналу.

 
Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support