Институт «Университетке» айналды
  • KAZ
  • RUS
  • ENG

Официальный ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

Таразский Государственный Педагогический Институт

“РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ӘЙЕЛ. ҚОҒАМ. САЯСАТ” АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТЕДІ // ҚҰРМЕТТІ ОҚЫТУШЫЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР! ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЭМБЛЕМАСЫНА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАЙДЫ. ТОЛЫҚ АҚПАРАТТЫ ТӘРБИЕ БӨЛІМІНЕН АЛА АЛАСЫЗДАР

Институт «Университетке» айналды

Әр адам мектеп қабырғасында білім алып, ұстаздан тәлім үйренеді. Мұғалім білімді болған сайын шәкірттің де танымы терең болады. Ол үшін ұстаздардың білім жинайтын, қалыптасатын ордасы болуы қажеттігі заңдылық. Сондай мұғалімдер ордасының бірегейі – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты. Аталған білім ордасына жарты ғасыр толып отыр.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің 1967 жылғы 13 мамырдағы №340 Қаулысына сәйкес ҚазССР Жоғарғы және арнайы орта білім беру министрлігінің №401 бұйрығымен Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институты ашылған. Сол Октябрьдің 50 жылдығы атындағы білім ордасы ашылғалы да 50 жыл өте шыққан екен. Осынау жылдар ішінде институт қабырғасынан қоғам қайраткерлері, даңқты академик-профессорлар, министрлер, әкімдер, жазушылар, ақындар, әлемде олжа салған спортшылар, өнер қайраткерлері мен өнер әлемінің жұлдыздары түлеп ұшты.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдық мерейтойы білім ордасы музейінің ашылуы рәсімімен басталды. Музейдің лентасын қию құрметі Қазақстанның Еңбек Ері, ТарМПИ түлегі Аягүл Миразова мен көрнекті ғалым Мұхтарбай Өтелбаевқа бұйырды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы мәжіліс залында Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова, Түркияның Карабюк университетінің профессоры Енвар Капаган, Өзбекстан Республикасы Джизак мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Әбдухапар Маматов «Түркі әлемі» халықаралық ғылыми журналын шығару туралы меморандумға қол қойды.

ТарМПИ ректорлары Аллеясы ашылды. Осы кезге дейін аталған институтты 11 ректор басқарыпты. Бұл жерде академик Мұрат Жұрынов, ТарМПИ-дің экс-ректоры Мұхтарбай Өтелбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев сөз сөйлеп, Аллеяның ашылуы институттың дамуына атсалысқан кісілерге құрмет, студенттерге тағылым болатынына тоқталды.

Институт ректоры Дария Қожамжарова мен студенттік ректоры Диас Бәйдібек «Болашаққа хат» капсуласын мемориалды тақтайшаның астына бекітті. Бұл – тарихи сәт. Бұйыртса енді осы институттың 50 жылдан кейінгі студенттері әлгі аманат хатты оқып, құрметтейтін болады.

Оқу ордасының мерейтойы «Баласағұн» орталық концерт залында «Заманауи білім беру тенденциялары: болашаққа көзқарас» тақырыбындағы І Халықаралық ғылыми Конгресінің пленарлық мәжілісімен жалғасын тапты.

Конгрестің модераторы, институт ректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дария Қожамжарова білім ордасының тарихына терең тоқталып, баяндама жасады. Ол алдымен жиналған қонақтарды, оқытушылар мен студенттерді институттың 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, айтулы шараға Болгария, Чехия, Германия, Түркия, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінен, еліміздің барлық аймағынан өкілдер келгеніне ризашылығын білдірді.

Ректордың баяндамасы «Қазақ қоғамындағы мұғалім кім?» деп аталды. Дария Пернешқызы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Білім бәрінен биік тұруы қажет» деп атап өткенін көпшіліктің есіне салды. Одан әрі институт басшысы әлемдегі 4 мыңнан астам мамандықтың ең абыройлысы – ұстаздық екеніне, қазақ даласында алғашқы мектеп 1850 жылы Орынборда ашылғанына, өткен ғасырдың басына дейін қазақ мұғалімдері қысқа курстан алған білімдерімен шектелгеніне тоқталды.

Біздің білім ордасы 1967 жылы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы институт болып ашылғанын білесіздер. Ол кезде әлеуеті қалай болғанын жаңа бейнеэкраннан көрдіңіздер. Ал білім ордасының жарты ғасыр уақыттан кейінгі жағдайы мүлдем бөлек. Қазіргі таңда бізде 6 мың студент бар. 15 ғылым докторы, 200 ғылым кандидаты, 95 PҺD доктор еңбек етеді. Әр жылдары ректор болған Машрап Әбжанов, Қуандық Тұрдалин, Мұхтарбай Өтелбаев, Махметғали Сарыбеков, Асқар Абдуалының есімдерін аса құрметпен атап өткім келеді. Олар осы білім ордасын дамыту жолында маңдай терлерін төкті, міндеттерін адал атқарды. Облыста 451 мектеп директоры бар болса, олардың 200-і біздің білім ошағының түлектері екен. Осы жиынға ол кісілерді біз құрметпен шақырып отырмыз.

Институтымыздың мақтанышымызға айналған бірқатар түлектерін атап өткім келеді. Олар – Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы, Тараз инновациялық-гуманитарлық институтының ректоры Ерболат Саурықов, бокстан екі дүркін Олимпиада жүлдегері Болат Жұмаділов, бокстан Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов, қыздар арасында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова, өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Құрмаш Маханов, Бейбіт Сейдуалиева, Дана Маханбаевалар. Басқа да түлектеріміз түрлі салада абыройға бөленіп жүр. Қазіргі таңдағы жаңашыл талапқа сай мұғалімдер біздің білім ордасында сапалы дайындалып жатыр. Әлемнің беделді университеттерімен ғылыми байланысымыз бар. Алдағы уақытта да Елбасының сенімін ақтап, жас ұрпақты терең білімге тәрбиелейтін парасатты ұстаз даярлау жолында жемісті еңбек ететін боламыз. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы да үнемі қолдау білдіріп отырады. Осындай жанашырлық бар кезде, біздің мәртебеміз де биік. Осы конгреске қатысты Ресей, Қытай, Англиядан 113 ғылыми мақала келіп түсті. Жиналған көпшілікті, институттың оқытушы-профессорлар құрамын, студенттерді мерейтоймен тағы да шын көңілмен құттықтаймын», – деді Д.Қожамжарова.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мерейтойға орай марапаттау рәсімін жүргізді. ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері атағына Қуандық Тұрдалин, Несіпбай Көшеров, Ордалы Қоңыратбаев, Рахым Садықбеков, Клара Бұзаубақова ие болды. Бірқатар қызметкерлерге Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі және облыс әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, бұл институт келесі қадамдарын Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті болып жалғастыратын болады. Ұстаздар ұясына біз де сәттілік дейміз.

ИНФОРМАЦИОННО-ИМИДЖЕВАЯ СЛУЖБА

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support