• KAZ
  • RUS
  • ENG

Официальный ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

Таразский Государственный Педагогический Институт

ҚҰРМЕТТІ ДАРИЯ ПЕРНЕШҚЫЗЫ! СІЗДІ “ЖЫЛ ПАТРИОТЫ” НОМИНАЦИЯСЫН ИЕЛЕНУІЗБЕН ШЫН ЖҮРЕКТЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ. ІЗГІ НИЕТПЕН ТАРМПУ ҰЖЫМЫ. // ҚҰРМЕТТІ ОҚЫТУШЫЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР! СІЗДЕРДІ 16 ЖЕЛТОҚСАН - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ! // ҚҰРМЕТТІ ОҚЫТУШЫЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР! ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЭМБЛЕМАСЫНА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАЙДЫ. ТОЛЫҚ АҚПАРАТТЫ ТӘРБИЕ БӨЛІМІНЕН АЛА АЛАСЫЗДАР



15.03.2017 г. Д. КОЖАМЖАРОВА: ПРОШЛОЕ – ПОУЧЕНИЕ, БУДУЩЕЕ НАДЕЖНО

– Дария Пернешқызы, өткен заманда бір ғұлама: «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің уақытын аялау. Өзіңнің уақытыңды аямау» деген екен. Әңгімеміздің әлқиссасын ұлт тарихының алтын діңгегі ретінде әспеттелер Әулиеата атырабындағы көзіқарақты көпшілік қауым «ұстаздар ұстаханасы» деп ат қойып, айдар таққан педагогикалық оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.

Әлбетте, «Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі», – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз – адам тәрбиешісі, кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтін ерекше кәсіп иесі, адамды адам ету­ші тұлға. Шәкіртінің бойындағы өзгеге байқалмайтын жақсы қасиеттерді көре білетін, оны дамытуға бірден-бір жәрдемші бесас­пап маман. Міне, бұл тұрғыда бізге жүктелер жауапкершілік – жоғары. Ұстаздық ұғымы – ұлы болуы тиіс. Жаңашыл, инновациялық жобаларды үйлестіруші  ұстаз – заман талабы екендігі рас. Ұстаздықтың ұлы жолында талмай еңбек еткен адам ғана өзінің биігін бағындыра алады. Оның негізі –  ізденімпаздық пен талап. Жоғары білікті, жаңа тұрпатты мұғалім дайындау негізгі миссиясы болып табылатын Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бүгінгі күні 6 мыңға жуық студент білім алуда. Оларға 15 ғылым докторы, 130-дан астам ғылым кандидаты мен 200 ғылым магистрі дәріс береді. Қазіргі таңда ТарМПИ әлем елдерінің 45-тен астам  жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында Англия, Франция, Қытай, Германия, Катар және Канада сынды мемлекеттердің университеттері бар. Оқу орнында шетелдік әріптестермен қарым-қатынасты дамыту аясында бірқатар меморандумдар мен келісім-шарттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Кембридж университетінің Білім беру факультеті, Перпиньян университеті және Шэньси педагогикалық университетімен қабылданған өзара түсіністікті нығайту туралы келісімдердің аясында әріптестіктің перспективалы бағыттарын ілгерілету, оқытушылар мен студенттер арасындағы білім беру, кәсіби және мәдени байланыстарды дамыту қарастырылған. Осы орайда айта кетейін, Білім беру сапасын қамтамасыз­дан­дыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі ұсынған 2016 жылғы Қа­­зақ­­станның үздік жоғары оқу орын­­дарының ұлттық рейтингісінде педагогикалық ЖОО бағыты бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық институты 65 баллдан жоғары нәтиже көрсетіп, 6-орынға ие болды. XXI ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Бүгінде әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің жаңашыл ұстаздардың қолына тапсырылып отыр. Жаңашыл ұстаз дегеніміз кім? Менің ойымша, ол – біріншіден, жастарымыздың бойына халқымызға тән адамгершілік сипаттағы дүниетаным, өз мәдениетіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне, қол өнері мен педагогикасына деген сүйіспеншіліктерін, қазақ халқының ашық-жарқындығы мен бауырмалдығын, ұлттық құндылықтарды сіңіре алушылық қабілетіне ие болғаны жөн. Екіншіден, өзі оқытатын пәнді терең меңгеруге міндетті.

 

«Ғылыми әлеуетті дамыту – мемлекеттік мүдденің бірі»

Ғылыми әлеуетті арттыру – еліміздегі жоғары оқу орындарының басты мүдделерінің бірі екендігі белгілі. Бұл тұрғыда институтта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

Ұлы Абай: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Жиырмасыншы ғасырдың басында. Хакімнің бұл сөзі барша қазақ жастарына арналған өсиеті, аманаты деп ұғынуымыз керек. Халықты ғылым мен білімге бастайтын – ғалымдар мен ұстаздар. Халқымыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» дейтін болса, мен «Нағыз ғылым – инемен құдық қазғандай» дер едім. Жас ғалым өзі алған та­қы­рыбын терең зерттейді. Қоғам дамуына қажетті жаңалықты ашу жолында бар күш-жігерін жұм­сайды. Ашқан жаңалығы жаңа тех­нологияға пайдалануға жарай ма, жарамай ма, экономикалық жағынан тиімді ме, жоқ па, соның бәріне сараптама жасайды. Бұл қажырлы еңбекті қажет етеді. Нағыз ғалымдарды халық ерекше құрмет тұтады, олардың ой-пі­кірлерін, ғылыми негіздерін қы­зығушылықпен тыңдайды. Сіздің сауалыңызға жауабымды әріден бастауымның өзіндік себебі бар. Өйткені, Елбасының алға қойып отырған маңызды бағдарының бірі – ғылыми әлеуетті арттыру.  Тараз мемлекеттік педагогикалық институты – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан оқу орны. Білім беру ісі мен ғылымды қатар дамыту, өзара ұштастыру оңай шаруа емес екені белгілі. Десе де бұл тарапта мүмкіндігімізше бірқатар істерді атқарудамыз.

Оқу орнының жанындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталықтың мақсаты – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау. Жеті бағыт бойынша жұмыс істейтін орталықта бүгінге дейін «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша 14 ғылыми еңбек жарық көрді. Олардың қатарында «Қазақ хандығы» энциклопедиясы мен монографиясы, «Түркістан жинағының» 4 томы, «Тұрар Рысқұлов өмірі мен қызметінің күндерегі» және тағы басқа кітаптар бар. Белгілі ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметұлы басқаратын «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы 2004 жылы ашылып, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытында жұмыс атқарады. Бұған дейін ұлт мақтанышының көптомдық шығармалар жинағының 30 томы, Мәскеуден «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы, Алматы қаласынан «Фотоқұжаттық альбомы» жарық көрді. Қазіргі таңда ұлт перзентінің көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томы дайындалуда. Онда қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшы туралы естеліктер, драмалық шығармалар, арнаулар, поэмалар мен балладалар топтастырылған. Сонымен қатар, педагогикалық оқу орны «Жас ғалым» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын еліміздегі жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін екі жылда бір рет ұйымдастырады. Биылғы кеңес 30 наурыз күні өтеді. Алтыншы рет ұйымдастырылғалы отырған алқалы жиынға Қазақстанның барлық аймағындағы жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, шараға отандық және шетелдік арнайы білім беру мекемелерінің қызметкерлері де шақырылған. Конференцияның басты мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми білім беру кеңістігін дамыту. Жиынның тағы бір көздегені – ізденушілердің өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау. Айта кету керек, бұл орайда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бірқатар кешенді шаралар жоспарланып, іске асырылуда.

 

«Үш тілде білім беруді енгізу заман талабынан туындап отыр»

– Қазірде қоғам арасында үлкен пікірталас тудырған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бір қадамы – үш тілді білімге көшу. Осы жайында айтар ойыңыз қандай?

Үш тілді білім беру – бүгінгі заман талабы, бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі. Осы арқылы құзыретті һәм заманауи тұлғаны қалыптастыра аламыз. Қазақ тілі – Отанымыздың тілі, мемлекеттік тіліміз, біздің патриоттығымыздың белгісі болса, ал, ағылшын және орыс тілдерін үйретудегі мақсат XXI ғасырда өмір сүріп жатқан жастардың ертеңгі күні еңбек нарығындағы қажеттілігін қамдау үшін қолға алынған. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлену керектігі, оның ішінде қазақ тілінің басымдығын сақтауға және әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінетіндігі айтылды. «Үш тұғырлы тіл» саясаты институттың Даму стратегиясында айқын көрсетіліп, оқу орнында үш тілді білім беру бағдарламасы бойынша педагог мамандарды даярлау 2012 жылдан бері іске асырылып келеді. Мақсат – оқу үдерісінде үш тілде оқытудың инновациялық технологияларын енгізе отырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған көптілді білім беруді жүзеге асыру. Бүгінде «Тарих», «Математика», «Информатика», «Химия», «Физика», «Биология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбие», «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандықтарында оқитын студенттер үш тілді білім беру жүйесі бойынша оқытылуда. Аталған бағдарламаны енгізу нәтижесінде  білімгерлер бірқатар нәтижелерге де қол жеткізді. Сонымен қатар, педагогикалық институттың 36 оқытушысы мен 152 студенті қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуға арналған деңгейлік тілдік курстарда білімдерін жетілдіруде. Бұл шара Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мен Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы және Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының арасында үш тілді білім беруді дамыту бағытында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылып отыр. Жуырда оқу орнының 51 оқытушысы пәндік сабақтарды ағылшынша жүргізу үшін тілдік біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, институтта ағылшын тілінде оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар және электронды оқулықтар шығару қолға алынған.

 

«Білікті ұстаз білімді шәкірт пен мықты мемлекет кепілі»

– Білімді һәм кәсіби мұғалім дайындау – мемлекеттің қарқынды дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс. Себебі, педагог қоғамның зияткерлік капиталының іргетасын қалайды. Білікті ұстаз даярлау үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

Өткен жылдың қазан айында институтта Педагогтардың біліктілігін көтеру орталығы ашылды. Мақсатымыз – әлемдік озық практикаларды ескере отырып, мұғалім мамандарын сапалы даярлауды қамтамасыз ету, педагогикалық тәжірибеге «өмір бойы оқу» концептуалдық тәсілін енгізу, ұстаздарды кәсіби дамытуға инвестицияның барынша тиімділігіне қол жеткізу. Қазіргі күнде орталық төрт бағыт бойынша жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы білім беру мекемелеріндегі педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, оларды үш тілде білім беру бағдарламасы аясында қайта даярлау және курсқа қатысушыларды онлайн режимінде заманауи инновациялық технологиялар әдістері арқылы оқыту қолға алынған. Бүгінге дейін орталық ұйымдастырған арнайы курстарға 166 мұғалім өтініш беріп, оның 80-і қайта даярлаудан өтті. Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері мен мұғалімдері педагогикалық мамандықтардың 27 білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін жетілдіріп үлгерді. Білім мен ғылымға қойылар талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғамның мұғаліміне жүктелер міндет те еселене түсуде. Ұстаздар қауымы алдында білім беру ғана емес, өркениет көшіне жол бастайтын, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісі тұр. Өйткені, білікті мұғалім білімді шәкірт пен мықты мемлекеттің кепілі. Осы мақсатта Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Жамбыл облысының педагог мамандары мен жоғары оқу орны оқытушылары арасындағы инновациялық оқыту технологияларын арттырып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында  «Оқыту мен тәжірибе» атты аймақтық байқау өткізу дәстүрге айналған. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты  еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен мұғалімге байланысты. Ал, осы жауапкершілікті абыроймен атқару ардақты ұстаздарға жүктелген мәртебелі міндет. 50-ші оқу жылын өткеріп отырған ұлағат ұясы да кемел келешекке осындай айқын мақсат қойып отыр.

 

«Кәсіби біліктілікті заманауи технологиялар арқылы көтеру басты назарда»

Жаһан жұртшылығы үшін жаңа технологияларды дамыту өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, ғылыми техникалық ресурстар әрбір мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орнын анықтауға сеп болмақ. Оқу орнында заманауи құралдарды оқу үдерісінде кәдеге жарату мақсатында нендей істер қолға алынып отыр?

Сауалыңыз орынды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының бірінші басымдығында экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы жайында айтқан болатын. Елбасы жүктеген жаңа міндеттерді нақты іске асыру барысында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында тәжірибелік-инновациялық орталық құрылып, арнайы жоба іске асырылуда. Мақсат – студенттермен қатар мектеп оқушыларын ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту арқылы олардың қызығушылығын арттыру және зияткерлік әлеуетін көтеру.Сондай-ақ, педагогтардың кәсіби біліктілігін заманауи технологиялар арқылы көтеру басты назарға алынып отыр. Зертханалық жұмыстар 6 бағыт бойынша жүргізілуде. Институт ғалымдары химия, биология, физика және робототехника салалары бойынша зерттеу жұмыстарының қыр-сырымен таныстырып, тың ойларын ортаға салуда. Кешенді тәжірибе жүргізуге педагогикалық институттың базасында толық жағдай жасалған. Оқу орнында студенттер мен мектеп оқушыларының робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «Электротехника», «Радиотехника», «Электроника негіздері» және «Мектептегі робототехника» оқу-зертханалары жұмыс істейді. Дәрісханалар Lego, Tetrix, Аrduino роботтарымен, заманауи құрылғылармен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық  нұсқаулықтармен  жабдықталған. Сонымен қатар, Физика-математика факультетінің Жамбыл облысындағы орта және арнайы мектептеріндегі информатика пәні мұғалімдерінің робототехника, электроника негіздері мен радиотехника пәндері бойынша біліктілігін көтеруге арналған материалдық және ресурстық базалары бар. Институтта тәжірибеден өткен озық ойлы оқушылардың ғылыми жобалары орталықта топтастырылады. Еңбектерді өндіріске енгізу ісі де жан-жақты қарастырылмақ. Бүгінде педагогикалық оқу орны өңірдегі бірқатар кәсіпорындармен келісімге отырған. Осыған орай, институт студенттері түрлі өндіріс зертханаларында өз жобаларын тәжірибеден өткізуде. Заманауи технологияларды мектеп бағдарламасына енгізудің алғышарттарын жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бір бұл ғана емес. Институттың ұйытқы болуымен «ТарМПИ мектепте» атты акция жүргізілді. Заман талабына сай өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, жан-жақты дамуына жол ашу мақсатымен қолға алынған жоба аясында Жамбыл облысындағы мектеп оқушылары робот құрастыруға машықтанып, жаңа технологияның қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды. Акция Байзақ, Жуалы, Т. Рысқұлов, Меркі, Жамбыл аудандарында және Тараз, Қаратау қалаларындағы 50 мектепте ұйымдастырылып, оған 3000-ға жуық мектеп оқушысы тартылды.

 

«Басты қағидамыз: «Ойлау – Жоспарлау – Жасау»

Аймақтағы жетекші жоғары оқу орнының алдағы кезеңдерге арналған жоспарлары жайында ой бөліссеңіз.

XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Біздің алдымызда ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және отаншылдық рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің болашағы, жер мен елдің, мемлекетіміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің қорғаны. Қазіргі таңда заманауи білім беру жүйесі де осы талаптар тұрғысында оңтайлану қажеттілігі туындап отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиістігін және білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру қажеттігін міндеттеді. Сонымен қатар, оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау керектігін алға тартып отыр. Осы межелерді орындау барысында еліміздегі орта мен жоғары білім беру жүйесінде бірқатар стратегиялық міндеттер қолға алынды. Атап айтқанда, үш тілді оқуға көшуді кезең-кезеңімен іске асыру, 12 жылдық білім беруге көшу, шағын жинақты мектеп мәселесі, критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектеріне «өмір бойы білім алу» қағидасының қолжетімділігін арттыру сынды басымдықтар бар. Біздің ойымызша, аталған міндеттерді жоғары дәрежеде орындау үшін мұғалімнің мәртебесін көтере түсу керек. Осы орайда айта кеткеніміз  жөн, бүгінде оңтүстік аймақтағы педагогикалық білім берудің мәселесін шешуге ТарМПИ ұжымы ұйытқы болып отыр. Институт ұстаздар алдында тұрған нақты міндеттерді орындау тұрғысындағы негізгі инновациялық алаңға айналған. Ұжым «Ойлау – Жоспарлау – Жасау» қағидасы негізінде бірқатар игілікті істерге мұрындық болуда. Жартығасырлық уақыт белесінде оқу орнының ұжымы ұйымдастыру мәдениетін қалыптастырып, тиімді кадрлық менеджмент пен корпоративті басқаруды құра білді. Бұл өз кезегінде институт дамуының орташа мерзімді Бағдарламасын құруға негіз болды. Аталған стратегиялық құжатта педагогикалық білім беруді әлемдік тәжірибеге сүйене отырып модернизациялау, ғылым, білім беру және мектептің өзара бірігуінің негізінде ғылыми-инновациялық қызметке көшу, ғылыми-білім беру кеңістігі арқылы институттың басқару жүйесін оңтайландыру сынды басымдықтар қарастырылған. Сонымен қатар, көп деңгейлі жоғары білікті мамандар даярлау жүйесі негізінде кадрлық әлеуетті дамыту, оқу орны қызметкерлері мен студенттеріне ыңғайлы жағдай жасау мақсатында институт инфрақұрылымын дамыту да көзделген. Жоғары оқу орнының миссиясы шеңберіндегі білім беру бағдарламаларының тиімділігін анықтау мақсатында ТарМПИ барлық мамандықтар бойынша институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан сәтті өтті. Педагогикалық институт еуропалық білім беру кеңістігіндегі процестерге белсене үлес қосуда. Бұған қос дипломды білім беру бағдарламасын дамытудың қолға алынғаны, бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатылғандығы нақты дәлел болмақ.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданды. Бұл құжатта оқу орнының қызметін одан әрмен тұрақты дамытуды қамтамасыз ету және білім беру қызметі мен еңбек нарығындағы стратегиялық позициясын нығайту басты назарға алынды. Стратегиялық бағдарламада оқу орны қызметінің артықшылығы мен бағдарын әлемдік тенденцияға сай жүйелеудің негізгі тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, институттың басым бағыттары мен жетістіктерін Қазақстанның оңтүстік аймағын дамытуда пайдалану  механизмі ұсынылды. Стратегиялық бағдарламаның бес негізгі басымдығын атап өткім келеді. Олар жоғары оқу орнының дамуын орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және жоғары білім беру қызметін әрмен қарай тұрақты түрде ілгерілетуге лайықталған.

Бірінші басымдықта оқытудың аралас және онлайн түрлерін енгізу арқылы оқу жоспарлары мен бакалавриаттың негізгі білім беру бағдарламаларын әзірлеу және модернизациялау жүзеге асырылады. Оның ішінде шет тілдерінде де білім беру бағдарламалары жасалмақ. Сонымен қатар, негізгі басым бағыттар бойынша үш тілде білім беруді сапалы қамтамасыз ету, жаңа буын үшін білім беру ресурстарын дайындау, қосымша білім беру жүйесі үшін жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеу, электронды кітапхана жүйесі мен оған азаматтардың қолжетімділігін дамыту және білім беру бағдарламаларын қоғамның әлеуметтік-кәсіби құрылымының мойындауын қамтамасыз ету іске асырылады.

Бағдарламаның екінші басымдығы ғылым, білім беру және мектептің өзара бірігуінің алдында тұрған мәселелерді шешуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын тәжірибе жүзінде дамытуға, жоғары оқу орнын іргелі, қолданбалы және педагогикалық зерттеулер саласы бойынша әлемдік білім беру кеңістігімен біріктіру шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Үшінші басымдық стратегиялық менеджментті заманауи технологияға ендіру арқылы институтты басқарудың заманауи құрылымын құруды және заманауи корпоративтік мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ,  жоғары оқу орнының негізгі стратегиялық бақылау органы ретінде Қамқоршылық және Байқау кеңестерінің қызметін жандандыру, басқару құрылымын оңтайландыруға мүмкіндік беретін Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізу және оқу үдерісін жоспарлау процедурасын өңдеу қарастырылған.

Төртінші басымдық педагог кадрлардың біліктілігін көтеру жүйесін жетілдіруді, еңбекақыны қызметкердің біліктілігіне қарай саралауды, түлектердің жұмысқа орналастыру бойынша жүргізілетін мониторинг барысын жақсартуды қамтамасыз етеді. Аталған тренд институттың корпоративті ортасының шығармашылық бастамаларының өсуіне, қызметкерлер мен студенттердің инновациялық белсенділігінің артуына, өзін-өзі кәсіби дамытуына бағытталған. Бұл басымдықтың басты мақсаты – профессор-оқытушылар құрамының еңбек өнімділігін арттыру.

Бесінші басымдықта оқу орнының инфрақұрылымын дамыту назарға алынған. Бұл профессор-оқытушылар мен қызметкерлерге және студенттерге оңтайлы жағдай жасау арқылы жүзеге асырылмақ. Институт кафедраларындағы оқу және ғылыми зертханалар паркін жаңалау – оқу мен білім беру саласындағы модернизация үдерісін жеделдете түседі. Ал, кітапхана мен өзге де ақпараттық ресурстарды жетілдіру білім беру процесін ақпараттық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз ететін болады.

Жарты ғасыр уақыт мерзімінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мұғалім мамандарын, ұстаздарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды сәтті жүзеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде іргелі оқу ордасы білім беру нарығында туындаған қажеттіліктерге сай жаңашыл жұмыс істеу тәсілдері мен түрлері арқылы мол тәжірибе жинай білді. Білім беру – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Көпшілік қауымға ортақ игілік. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғам һәм бүгінгі заман мұғаліміне де жүктелер жүк еселене түсуде. Нағыз ұстаз – оқушы жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Қазіргі күнде институт ұжымы осы талаптар үрдісінен шығу мақсатында жұмыс істеуде.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жандар АСАН

 

ИНФОРМАЦИОННО-ИМИДЖЕВАЯ СЛУЖБА

- Этот e-mail адрес защищен от спам-ботов, для его просмотра у Вас должен быть включен Javascript


-  vk.com//tarmpi.kz/


- facebook.com/tarmpi.kz/


- instagram.com/tarspi_official/


- tarmpi_kz


- tarmpi_kz


- tarspi_press

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support