07.03.2017 ж. АНАЛАР МЕН АРУЛАР АЙРЫҚША АРДАҚТАЛДЫ
  • KAZ
  • RUS
  • ENG

РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

“РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ӘЙЕЛ. ҚОҒАМ. САЯСАТ” АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТЕДІ // ҚҰРМЕТТІ ОҚЫТУШЫЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР! ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЭМБЛЕМАСЫНА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАЙДЫ. ТОЛЫҚ АҚПАРАТТЫ ТӘРБИЕ БӨЛІМІНЕН АЛА АЛАСЫЗДАР

07.03.2017 ж. АНАЛАР МЕН АРУЛАР АЙРЫҚША АРДАҚТАЛДЫ

Көктемнің алғашқы мейрамына орай оқу орнының профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Онда институт ректоры Дария Қожамжарова ұжымдағы барша әйел қауымын төл мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде нәзік жандылардың ұлттың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі екендігін  және еліміздің дамуына қосқан үлесін атап өтті.

– Бәріміз асыға күткен көктемнің алғашқы мерекесі де келіп жетті. Бұл мейрам қашанда ең ізгі, ең ыстық, ең қастерлі сезімдерге толы. Өйткені, бұл күн – асыл жанды апа-аналарымыз бен алтын қыздарымыздың, жаны жайсаң жеңгелеріміз бен инабатты келіндеріміздің қуанышы. Олай болса Сіздерді осынау 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы гендерлік саясатқа әрдайым айрықша мән беріп келеді. Елбасы қоғамдық өмірде белсенділігімен танылып жүрген ханымдармен тұрақты түрде кездесу өткізіп, олардың мемлекеттің дамуына қосқан ерекше үлесін үнемі атап өтеді.

Тарихтың қай парағын ақтарсаң да қаны асыл, жаны текті апаларымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөзіне қанасың. Олардың бірі – көңіл-көркі, парасат-парқымен талай аңызға арқау болса, енді бірі – елінің тыныштығын қорғап, берекесін қордалаған «әулие» атанды. Оған дәлел – алты алашқа ұран болған, қазақ тарихында есімдері алтын әріптермен өрнектелген Ұмай ана, Айша бибі, Домалақ ана, Қыз Жібек пен Баян сұлу. Ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, жанын пида еткен – Тұмар мен Зарина ханшайымдар, кешегі Әлия мен Мәншүктер. Тұтас ұлтты тәрбиелеп, халықты қалыптастырып, мемлекетімізді баянды етуге мол үлес қосқан аналарымыздың игілікті ісін бүгінде зиялы қыз-келіншектер жалғастыруда. Әйелдер қауымы еліміздің білім беру жүйесінде білікті басшы, білімді маман ретінде қызмет атқара жүріп, Қазақстанның көркеюінде өз қолтаңбаларын қалдыруда. Олар өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытындағы жауапты қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Сіздерді мерейлі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға  амандық, баянды бақыт, еңбекте табыс тілеймін! – деді Д. Қожамжарова.

Сондай-ақ, институт басшысы оқу орнының қоғамдық өміріне белсене атсалысып, түрлі сала бойынша үздік нәтиже көрсеткен бір топ әйел азаматын Алғыс хат және грамоталармен марапаттады.

Осы орайда айта кетейік, бүгінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты ұжымының 65 пайызын қыз-келіншектер, студенттер контингентінің 80 пайызын бойжеткендер құрайды.

Жиын соңы оқу орнының өнер ұжымдары мен студенттері дайындаған мерекелік концертке ұласты.

* * *

«Сарқылмайтын – жылылық, Ана аты – ұлылық». Мереке қарсаңында осындай атаумен Тарих және әлеуметтік педагогика факультетінде кеш өтті.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы ана мен балаға деген қамқорлықты насихаттау мен қоғамдағы ананың орнын айшықтау мақсатында ұйымдастырылған жиынға институттың профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты. Шарада факультет деканы Зағира Тоқбергенова сөз алып, атаулы датаның шығу тарихына тоқталып өтті.

1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференция өтті. Клара Цеткин халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі туралы ойын ортаға тастады. Оның бұл ұсынысын өз құқықтары үшін күресуге бел буған жұртшылық қызу қолдап, келесі жылы-ақ, яғни 1911 жылдан бастап, Австрия, Дания, Германия және Швейцарияда 8 наурыз мейрам ретінде тойлана бастады, деді З. Тоқбергенова.

Әнмен әспеттеліп, күймен көмкерілген кеш соңында факультеттегі ер-азаматтар аруларды мерейлі мейрамдарымен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.

Барлықтарыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жер-дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер! деді олар.

* * *

Қыз-келіншектердің мерекесі Филология факультетінде де аталып өтілді. Орыс филологиясы кафедрасы ұйытқы болған шарада мейрамның тағылымы мен шығу тарихы жан-жақты қаузалды.

Сонымен қатар, арнайы дайындалған концерттік бағдарламада ана, көктем туралы әндер шырқалды. Арнау өлеңдер оқылып,  құттықтаулар айтылды.

Жаратылысынан жандары жылуға, жүректері сезім мен сырға толы әйел-аналарымыз осы күні шаңыраққа шырақ, еріне қуат, бала-шағасына шуақ болып отыр. Елбасының сөзімен айтқанда: «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды». Олай болса, осынау баянды да берекелі еңбектеріңізге деген, шын жүректі тілектеріңізге деген біздің азаматтық алғысымызды қабыл алғайсыздар! – деді шара ұйымдастырушылары.

АҚПАРАТТЫҚ-ИМИДЖДІК ҚЫЗМЕТІ

- Этот e-mail адрес защищен от спам-ботов, для его просмотра у Вас должен быть включен Javascript


-  vk.com//tarmpi.kz/


- facebook.com/tarmpi.kz/


- instagram.com/tarspi_official/


- tarmpi_kz


- tarmpi_kz


- tarspi_press

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support